Орталық жаңалықтары

«Қатепті қара нары Маңғыстаудың» атты облыстық теориялық, әдеби-композициялық конференция өтті!

2023 жылдың 18 қазаны күні Білім берудің оқу-әдістемелік орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес, парасат және рух майданында қара домбырасы қару болған, халқымыздың мақтанышына айналған ерекше тұлға Қашағанның асыл мұрасын кейінгі жас буын ұрпақтарға дәріптеу мақсатында Жаңаөзен қаласы Қашаған Күржіманұлы атындағы №8 жалпы білім беретін мектепте Қашаған ақынға арналған «Қатепті қара нары Маңғыстаудың» атты облыстық теориялық, әдеби-композициялық конференция өтті!

Конференцияға Жаңаөзен қалалық білім бөлімі мен оқу-әдістемелік орталығының мамандары, облыстағы атау берілген жалпы білім беретін мектептердің директорлары мен тәрбие жөніндегі орынбасарлары және облыстағы қазақ тілі мен әдебиеті қауымдастығы «Шыңдалу» мектебінің мүшелері, барлығы 60-қа жуық педагог қатысты.

«Мен – Қашаған ұрпағы» деп аталатын 1-бөлімде қонақтар ақын ескерткішіне тағзым етіп, мектеп дәлізінде жасақталған бұрышпен және «Жетістіктер аллеясымен» танысты. Қашаған атындағы байқаулардың жүлдегерлерінен алынған сыр-сұхбатты және мектеп оқушылары мен ұстаздарының өнерін тамашалады. Қашаған Күржіманұлының ұрпағы, ҚР Құрметті геологы, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, 90 жастағы Тұрсынғали Көшенов ақсақал «Қашағантану» кабинетінің лентасын қиып, шәкірттер мен ұстаздарға ақ батасын берді. Жаңадан ашылған кабинетке ақынның бірнеше кітаптарын тарту етті.

Шараның «Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі» деп аталатын 2-бөлімінде Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг универсеті филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қабылов Әділет «Қашаған жырларындағы сыншылдық назар», осы университеттің Маркетинг және коммуникациялар басқармасының басшысы, «Қазақ филологиясы» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторант Жайлауов Бақтыбай «Қашаған Күржіманұлының әдебиеттегі бейнесі» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.

Облыстық шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Жаңаөзен қалалық білім бөлімі мен оқу-әдістемелік орталығына, мектеп директоры Сәрсенов Серік Тұрарұлына және мектеп ұжымына алғыс білдіреміз. 

title=title=