Орталық жаңалықтары

Мұнайлы ауданында Қарақия ауданының іс-тәжірибе алмасу әдістемелік семинары өтті.

Білім берудің оқу-әдістемелік орталығы мен Мұнайлы аудандық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен, ағымдағы жылдың 1-қараша күні Мұнайлы ауданының №4 жалпы білім беретін мектебінде Қарақия ауданының оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, оқу-ісі, бейін жөніндегі орынбасарларына, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлеріне, пән мұғалімдеріне арналған «Білім берудегі басқару мен көшбасшылық» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.

Семинар «Заманауи басшы: табыс формуласы», «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін жүзеге асыру», «Үздік ұстаздан - үздік тәжірибе» бағытында 3 секция бойынша жүргізілді.

Мектеп директорлары, оқу-ісі жөніндегі, бейін жөніндегі орынбасарларға арналған секцияда №4 мектептің оқу-ісі, бейін жөніндегі орынбасарлары іс-тәжірибелерімен бөлісті. Құлбарақ Маржан Қожабергенқызы «Басым бағыт: талдау мен анықтау», Сарғожаева Асылхан Алымқызы «Басқару моделін жетілдірудегі даму жоспарының маңызы», Жасақова Рахат Нығметқызы «Жоспарлау - нәтижеге жетудің қадамдары», Орынбасарова Алтынгүл Қаналханқызы «Мектепішілік бақылау – жүйелі жұмыс негізі» тақырыптарында презентация жасап, мектептің даму жоспары, оқу-тәрбие жоспарлары, мектепішілік бақылау жоспарларын құрған кезде қалай талдау жасалу керек, команда арқылы мектептің ішкі және сыртқы перспективаларын бағалау нәтижесінде кадрлық ресурстар бойынша мықты, осал, қолайлы тұстарын анықтау қалай жасалады, нені ескеру керек, неге басымдық беру керек, білім сапасын көтеру үшін қандай қадамдар жасалу керектігі жөнінде өздерінің жұмыстарымен таныстырды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлеріне арналған 2-секцияда Мұнайлы ауданы №11 «Шағала» бөбекжайының директоры Жумалиева Нурзина Олжабаевна «Мектепке дейінгі ұйымды басқару мен басшылық», Ақтау қаласы №46 «Балбұлақ» бөбекжайының әдіскері Кобланова Алима Реджеповна «Мектепке дейінгі ұйым жұмысында инновациялық технологиялардың бірі worldskills стандартына негізделген «babyskills» жобасы бойынша мектепке дейінгі мекеменің жұмысы», Ақтау қаласы №33 «Әлия» бөбекжайының әдіскері Қарабатыр Инабат «Мектепке дейінгі ұйымда білім беру үдерісін жоспарлау» мәселелері бойынша әдістемелік көмек берілді.

Сонымен қатар, пән мұғалімдеріне арналған секцияда Ақтау қаласы №29 жалпы білім беретін мектептің география пәні мұғалімі, республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы Бегейбай Дина Медетқызы «Мұғалімнің жетістігі - жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануда» тақырыбында оқушыларды пәндік олимпиадаларға тиімді дайындау арқылы жетістікке жету жолындағы өзінің жұмыстарымен таныстырса, осы мектептің физика пәні мұғалімі, республикалық «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпазы Сүлейменова Қарлығаш Амангелдіқызы «Мұғалімнің зерттеу қызметі педагогтың кәсіби дамуының факторы» тақырыбында оқушыларды қалай ғылыми жобаларға дайындауға болады, нені басшылыққа алған жөн, ғылыми жоба жұмыстарының жазылу реттілігімен таныстырып, өз іс-тәжірибесімен бөлісті.

Білім берудің оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Жұмабаева Жемісгүл Жеткізгенқызы әр секцияда үздік жобаларға қатысу арқылы мұғалімдердің біліктілігін шыңдау, сол бағытта қандай нормативтік құжаттармен жұмыс жасау керектігі, басшылыққа алатын бұйрықтармен таныстырып өтті.

Әдістемелік семинар қатысушылардың сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салуымен аяқталды.

Семинардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Мұнайлы аудандық оқу-әдістемелік орталығына, №4 жалпы білім беретін мектептің ұжымына және өздерінің іс-тәжірибелерімен бөліскен әріптестерімізге алғыс білдіреміз. 

title=